Шығармашылығы

”ТАРИХ-И РАШИДИ” ЕҢБЕГІ

М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» – Орталық Азия халықтарының ХІІІ–ХҮІ  ғасырлардағы тарихы мен географиясы, этнографиясы, әдебиеті мен мәдениеті, өнері жайлы классикалық шығарма.

«Тарих-и Рашиди» – өз заманының озық та ойлы, көрнекті, тарихи-әдеби туындысы. Қазақ хандығының құрылу тарихы жөнінде нақты тарихи мәліметтерді осы шығармадан алуға болады. Шығыс Түркістан, Пәкістан, Үндістан, Орта Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі тектес халықтардың тарихы, өмірі, әдеп-ғұрпы  мен салт-санасы, әлеуметтік тіршілігі, тілі мен мәдениеті туралы деректемелік, құжаттамалық, нақты тарихи  даталарды осы еңбектен табуға болады.

Бұл еңбек энциклопедиялық сипаттағы жазу мәдениеті, ғылыми маңызы, тың әрі беймәлім деректерінің молдылығы, этнографиялық, этникалық, географиялық, археологиялық мәліметтерінің сонылығы, тарихи оқиғаларды нақты әрі айқын баяндауымен бағаланады.

Бұл тарихи еңбек екі кітаптан тұрады. Кітаптың тақырыптық алуандығына байланысты бұл еңбекті энциклопедиялық туынды деп санайды. Бірінші кітапта Тоғлық Темірдің  хан тағына отырған 1346 жылдан бастап, 1546 жылға дейінгі тарихи оқиғалар, көптеген тарихи тұлғалардың өмірбаянын қамтыған күрделі кезең туралы жазылған. 1346-1546 жылдар аралығында Орталық Азиямен қатар Тибет, Кашмир, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Қашқар, тіпті Иракқа дейінгі территорияның шеңберінде оқиғалар барынша шеберлікпен бейнеленген.

Екінші кітапта М.Х.Дулатидің өзінің өмірі, естеліктері, көрген-білгендері, өзбек шағатай хандарымен сұлтандарының тарихы және өз замандастарының басынан өткен оқиғалары баяндалады.

Үндістанның Европа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед Қасымның зерттеу еңбектерінде “Тарих-и Рашиди” – Орта Азия тарихы туралы жазылған шығармалардың ішінде ең мағыналысы және мағлұматтың ең дұрысы, ең толығы болып саналады.

М.Х.Дулаттың даңқын дүние жүзіне  таратқан, оның парсы тілінде жазылған “Тарих-и Рашиди” деген кітабының тарихи маңызы өте зор. Бұл кітап бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүние жүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр. М.Х.Дулаттың “Тарих-и Рашиди” әдеби-тарихи ғұмырнамалық туындысы түрік тіліне аударылды және орыс тіліне алғаш рет В.В.Вельяминов-Зернов аударды, Д.Россоны ағылшын тіліне аударып және парсы тілінен тікелей қазақшаға тәржімалаған И.Жеменей.

М.Х.Дулаттың “Тарих-и Рашиди” еңбегі көбінесе тарихнамалық  тұрғыда зерттеліп, оған тарихи еңбек тұрғысынан баға беріліп келді.

М.Х.Дулаттың “Тарих-и Рашиди” еңбегінің құндылығы – оның қазақ тарихы мен әдебиетін және мәдениетін өткен түркілік дәуірмен, исламдық тарихи кезеңмен сабақтастыра алуы болды.

«Тарих-и Рашиди» екі бөлімнен тұрады. Бірінші дәптер 70 тараудан, екінші дәптер 117 тараудан тұрады. Бірінші бөлімде тарихи естелік мәліметтер көбірек беріледі. Ал кітаптың екінші бөлімінде автор негізінен өзі қатысқан, көзбен көрген және бастан кешкен оқиғалардан құрайды. Бұл еңбекте сол дәуірдің рухани -мәдени дүниетанымы, тарих, әдебиет, поэзия теориясы, жағрафия, астрономия, сопылық, ислам діні тарихы, пәлсапа, араб (тілі) граматикасы туралы да мәлімет береді.

Кітапта шығыс жұлдыздарының өмірі мен шығармашылығы, сол тұстағы  тарихи-саяси, әлеуметтік жағдайлар мен түрлі саяси бағыттар турасында хабардар етеді.

«ЖАһАН НАМЕ» ДАСТАНЫ

М.Х.Дулатидың «Жаһан наме» атты классикалық шығарманың авторы. Бұл дастанның негізгі тақырыбы адал да таза махаббат. Онда сүйген жарға, махаббаатына деген адалдық ту боп желбірейді. Сол себепті поэманы махаббатқа арналған жыр-дастан десе де болады. Онда сондай-ақ өмірдің өткіншілігі, тағдырдың тауқыметі мен әділетсіздігі  жырланады.

Қолжазбаны Берлин кітапханасынан  тауып алып оқып 1937 жылы неміс тілінде ол туралы тұңғыш мақала жазған башқұрт ғалымы атақты Ахмет Зәки Валиди Тоған (1891-1970) болатын.

Әйтсе де Берлин кітапханасының қолжазба қорындағы бұл асыл дүние көпке дейін қолымызға түспей келді. Тек 1994 жылы ғана Мюнхен университетінің оқытушысы Лидия Клетцель ханымның көмегі арқасында «Жаһан наме» автордың тарихи отанына қайта оралды.

1981 жылы Қашқар қаласынан қазақ ғалымы Ахметбек Кіршібаевтан қол- жазбаның бір көшірмесін Алматыға алып келген, бабамыздың мұрасын зерттеп, шығармашылығын насихаттап жүрген, дулаттанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі.

М.Х.Дулаттың «Жаһан наме» поэмасының ежелгі түркі (шағатай тілінен) Берлин нұсқасы бойынша жолма-жол аудармасын және оны Қашғар нұсқасымен салыстыра ғылыми транскрипциясын жасаған, сөздікті құрастырған, түсінік, ескерту, аннотация және көрсеткіштерін дайындап, баспаға әзірлеген ф.ғ.д., профессор, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Ақындық мәдениеті жоғары М.Х.Дулати дастанда нені сөз етсе де, нендей жайтты суреттесе де оған азаматтық көзбен қарап, шындық тұрғысынан келуге тырысады.

Поэманы шартты түрде бірнеше бөлімге бөлуге болады. Алғашқы 110 бәйітті шығарманың «Кіріспесі» деуге болады. Ежелгі мұсылман Шығысы әдебиетінде кейбір көркем дүниелер мақтау, теңеу, мадақтау, кітаптың жазылу себебі іспетті шартты бөлімдерден тұрады. «Жаһан намеде» де осы қағида бұзылмаған. Сондықтан дастанның «мақтау» бөлімінде Мырза Мұхаммед Хайдар (1-14-бәйіттерде) жаратушыны жырға қосады.

Сонымен, поэманың негізі оқиға желісі 115-бәйіттен басталады да, 1290 бәйітпен біткен. әрі қарай динамикалы түрде дами бастайды.

Әрі қарай 1306-бәйітке дейін Мырза Хайдардың өмір,тағдыр жайлы философиялық толғанысы берілген. Поэма оқиғасы шымыр, жүйелі түрде дамып отырады. Сюжеті өте тартымды, сюжеттік желісіне үнді ертегі, дастандардың бірі негіз болған. Автордың араб, парсы тілдерін жақсы білгендігін ескерсек, бұл ойдың негізділігі  түсінікті .

Поэмада сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай, ел өмірі, халық басына қасірет әкелген хандардың зұлымдығы сипатталады. Халықтың тұрмыс жағдайын түзетіп, мемлекетінің шекарасын кеңейтіп, нығайтуға әрекет жасаған. Қираған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіріп, мешіт, медреселер салдырған, орта ғасырлық билеушілер мен хандар туралы мадақтаулар жырда аз кездеспейді.

М.Х.Дулат осы уалайатта өткен жастық шағына бірнеше бәйіттер арнаған. Автордың «уалайат» деп отырғаны Орта Азия. Өйткені орта ғасырларда Түркістан, Ташкент, Самарқан мен Бұхара, Әндіжан мен Ферғана секілді шаһарлар бар аймақ «уалайат» деп аталғаны тарихи деректерден мәлім.