«Аңыз адам – Ақиқат тұлға» атты әдеби подиум өтті
Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, абайтанушы ғалым, әдебиет зерттеушісі, мемлекет және қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Аңыз адам – ақиқат тұлға» атты әдеби подиум өтті. Тағылымды шара Шоқан Уәлиханов атындағы кітапханада ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қайым Мұхамедхановтың бай ғылыми мұрасын, қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы айрықша орнын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыру.
Әдеби подиум барысында «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы сөз сөйлеп, Қайым Мұхамедхановтың Абай мұрасын зерттеудегі өлшеусіз еңбегіне, ұлт мүдесі жолындағы азаматтық ұстанымына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ғалымның тағдыры, ғылыми қайсарлығы мен рухани мұрасы жөнінде мазмұнды ойлар айтылды.
Шара аясында Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамалар оқылып, еңбектерінен үзінділер ұсынылды. Қатысушылар ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны мен тарихи рөліне ерекше назар аударды.
Әдеби подиумға зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері, студенттер мен тұрақты оқырмандар қатысты. Қатысушылар шараның тәрбиелік және рухани маңызы зор екенін атап өтті.
«Аңыз адам – ақиқат тұлға» атты әдеби подиум Қайым Мұхамедхановтың есімін ұлықтауға, оның мол ғылыми мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеуге бағытталған мазмұнды әрі тағылымды шара болды.



15 Jan 2026
102 