«Ортағасырлық деректер және қазіргі тарих ғылымы» тақырыбындағы ғылыми іс-шара өтті
2026 жылғы 3 сәуір күні сағат 11:00-де Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы базасында «Ортағасырлық деректер және қазіргі тарих ғылымы» тақырыбында ғылыми іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараны М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы Мақсұтова Альбина Әбенқызы және тарих магистрі,аға қызметкері Самбетова Гаухар Тешебайқызы ұйымдастырды. Жиынның басты мақсаты – ортағасырлық жазба деректердің маңызын айқындау, оларды қазіргі тарих ғылымында қолдану ерекшеліктерін талқылау және өңірлік тарихты зерттеудегі өзекті мәселелерді көтеру болды.
Іс-шара барысында қатысушылар ортағасырлық дереккөздердің тарихи танымдағы орны, олардың ғылыми айналымға енгізілуі, сондай-ақ қазіргі зерттеу әдістерімен сабақтастығы туралы пікір алмасты. Ғалымдар мен жас зерттеушілер өз баяндамаларында тарихи деректерді жаңаша зерделеу, ұлттық тарихты терең түсіну және деректанудың заманауи бағыттары жайлы ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, жиын аясында ортағасырлық қолжазбалар мен тарихи мұралардың ғылыми құндылығы ерекше атап өтіліп, оларды сақтау және келер ұрпаққа жеткізу мәселелері де қозғалды.
Аталған ғылыми кездесу тарих ғылымының дамуына серпін беріп, жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне бағыт-бағдар беретін маңызды алаң болды.



03 Сәу 2026
15 