Басты бет / Жаңалықтар / «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» атты жастармен кездесу өтті

«Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» атты жастармен кездесу өтті

Бүгін республика бойынша «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» атты жастармен кездесу өтті. Жамбыл облысында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған жиын М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Әлем тілдері» ғимаратында зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдар мен студент жастардың қатысуымен өтті.

Кездесуді Жамбыл облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ҚР еңбек сіңірген артисі – өңірлік Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілханов кіріспе сөзімен бастап, баяндамашыларға сөз берді.

Мен «Жастарды адалдық, әділеттілік және патриотизм» тақырыбында, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Сейдахан Бақторазов – «Неліктен Қазақстан халқы бейбітшілік пен бірлікте өмір сүруде?» тақырыбында, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Дауызова «Бес әлеуметтік кеселдің алдын алу және «Салауатты сана» қағидаларын қалыптастыру» атты тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, аталған университеттің «Әлеуметтік психология» кафедрасының профессоры Рысты Керімбаева «Тәрбиешілермен және жастар тәрбиесіне ықпал етуші тұлғалармен жұмыс» тақырыбы бойынша әңгіме құрды.

Жастарды адалдық пен әділеттілікке тәрбиелеуде ата-ананың, мектеп пен жоғары оқу орындарының, арласатын ортасының, ұжымының, қоғамның рөлі өте зор екендігі айтылды. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайларда сөз болған «Заң мен тәртіп» қағидаларының орындалуы, «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығы, «Адал азамат» ұғымы түсіндірілді.

Жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуде оларды отансүйгіштікке, Отан қорғауға баулуда алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығының маңыздылығы зор екені айтылды. Екінші дүниежүзілік соғыстың майданына Қазақстаннан 1196164 адам аттанған болатын, олардың 601 мыңы соғыста қаза тапқан, 270 мыңы – хабар-ошарсыз кеткен... 528 қазақстандық «Кеңес одағының Батыры» атағын алған, олардың 96 – қазақ ұлтының өкіілдері. Ерлікті бағалауға келгенде саяси солақайлық, тарихи әділетсіздіктіің кесірінен батыр атағын алуға лайықты көптеген қандастарымыз кезінде ала алмай атаусыз қалған. 1990 жылы Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы қайтыс болғаннан кейін берілді... Соғыс кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған, бірақ берілмеген бірқатар батырлар Тәуелсіз Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Олар: Сағадат Нұрмағанбетов – 1994 ж., Қасым Қайсенов – 1995 ж., Бақтыораз Бейсекбаев – 1998 ж., Рақымжан Қошқарбаев – 1999 ж., Хиуаз Доспанова – 2004 ж., ал 2022 жылы Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін мергендер – жерлесіміз, Сарысулық Ыбырайым Сүлейменовке, Төлеуғали Әбдібековке, комбат – Александр Несмияновке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, - Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені ұрпақтарына тапсырылды.

Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесініің бастамасымен барлық қала, аудандарда «Жеңіс туы желбіресін!» атты ардагерлер байқауы өтіп жатыр. Осы айдың ортасында Облыстық байқау өтеді, облысымызда Отан соғысына қатысқан, ерлікпен қаза тапқандардың рухына тағзым, арамызда жүрген 6 соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілетін мамыр күні Астанада, 9 мамыр күні Мәскеуде салтанатты парад өтетін болады. Ұлы Отан соғысының тарихын ұмытпаймыз, отан қорғаушыларды құрметтейміз!

Әскери қызметті өтеу – әр азаматтың қасиетті борышы екенін санасына сіңіру. Биыл 2025 жылғы әскери шақыру бойынша Жамбыл облысынан 1700 азамат әскери қызметке алынады. Олар әскерге келгеннен кейін бір айлық курстан өтіп, ант қабылдайды. Қазір әскери қызметшілерге арнайы жеңілдіктер қаралған. Мысалы, әскерде қызмет еткен кезде және одан кейін екі ай ішінде-барлығы 14 ай бойы олар несие төлемдерінен босатылады. Сонымен қатар, азаматтық борышын өтеген жігіттер білім беру жеңілдіктеріне ие болып, ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсе алады және оқу жатақханасына да оңай орналасады. Запасқа шыққаннан кейін жұмысшы мамандықтары бойынша әскери қызмет кезінде алған мемлекеттік куәлігімен жұмысқа тұра алады.

Жиынды қорытындылаған Асқарбек Ақылшаұлы қоғамда бейбітшілік, бірлік және келісім құндылықтарды кеңінен насихаттау, жастардың тәрбиесіне қатты көңіл бөлу туралы айтып, «Заң мен тәртіп» - әділеттіліктің басты шарты екенін еске салды.