Республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті
ХХ ғасырдағы Жамбыл облысы тарихының аспектілерін архив деректері негізінде зерделеген республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
25 қазан Республика күніне орай «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Тарих» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы 2025 жылдың 22 қазан күні «ХХ ғасырдағы Жамбыл облысы тарихының аспектілері (мұрағаттық деректер негізінде)» атты тақырыпта республикалық ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырып, өткізді.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты – Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады.
Егемендік декларациясы қазақ елінің жаңа тарихының бетін ашып, тәуелсіздікке жол салды. Сол кезеңдерден бері еліміздің тарихының ақтаңдақтар беттері қайта зерделеніп, толығып келеді. Әсіресе, өңір тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары соңғы кезеңдерде жаңа бетбұрыспен жан-жақты зерделенуде.
Осыған орай өткізіліп отырған ғылыми-семинардың негізгі мақсаты – тарихтан тағылым алуда ХХ ғасырдағы Жамбыл облысының тарихи аспектілерін архив деректері негізінде саралап, зерттеп, ғылыми айналымға енгізу. Бұл бағытта жасалып жатқан ізденістер – өңір тарихынның жаңа қырларын ашуға және жас ұрпаққа тарихи сананы терең ұғындыруға үлкен мүмкіндік береді. Ел тарихы түгенделмей – болашақ баянды болмайды. Өткен тарихты толғап, кейінгі буынға жеткізу жолында архив саласының қоғамдағы маңызы орасан.
Ғылыми-семинарға республикаға танымал ғалымдар мен зерттеушілер атсалысты. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Орынбаев Сейітжан Әуесжанұлы алғы сөз алып, іс-шараны ашып, құттықтап, семинарға қатысып отырған зерттеушілердің ғылыми ойлары ортаға салынып, ХХ ғасырдағы Жамбыл облысының тарихына қатысты өзекті зерттеу мәселелері архив деректері негізінде ұсынылады деген сенімін білдірді. Сондай-ақ осындай семинарлардағы ғылыми айналымға енбеген зерттеу жұмыстарын талдаудағы тың ізденістер жастарға ғылыми бағыт бере отырып, қызығушылықтарын арттыруда маңызды екендігін атап өтті.
Республикалық ғылыми-семинардың келесі қонағы, елімізге танымал ғалым, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов онлайн форматта «Қазіргі кезеңдегі аймақ тарихы бойынша өзекті мәселелер» тақырыбында ғылыми баяндамасын ортаға сала отырып, өңірлер тарихын зерттеу ісіндегі жаңа бағыттар мен архив материалдарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Үлкен Отанға – Қазақстан Республикасына деген махаббат тарихы – адамның кіші Отанына деген махаббатынан бастау алатындығын, Өз ауылының, ауданы мен облысының тарихын білмей тұрып, Қазақстанның жалпы тарихын ешқашан біле алмайтындығын баса жеткізді. Тарихымызды жаңғыртуда өңірлік компоненттердің маңызы зор екендігіне тоқталды.
Семинар барысында әртүрлі бағыттағы ғылыми баяндамалар тыңдалып, ХХ ғасырдағы аймақтың әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуы мен полиэтностық жүйесінің тарихы архив деректері негізінде талқыланды.
Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы – Зейноллаұлы Сағындық – «1917–1950 жылдардағы архив құжаттарын сараптау», «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., доцент Сейткулова Жанна Мәмбетқызы «Жамбыл облысындағы этностар мен этникалық топтар тарихы (архив деректері негізінде)», «Тарих» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Мақсұтова Альбина Әбенқызы «Жамбыл облысындағы тәркілеу мен ашаршылық зардаптары», Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің Тарих ББ 3-курс докторанты Ермаханова Рая Бейсенәліқызы «Ш.Мұртазаның жеке мұрағаттының негізіндегі зерттеулер», «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, география магистрі Қонысбекова Қымбат Қонысбекқызы «Жамбыл обылысының тарихи-мәдени мұраларының туристік мүмкіндіктері», «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Биназарова Назым Нұрланқызы «Архивные фонды Жамбылской области как источник по истории Казахстана ХХ века», «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Алпысбаева Ғалия Бақытқызы «ХХ ғасырдағы Жамбыл ауданы тарихы (архив деректері негізінде)», «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Сәмбетова Гаухар Тешебайқызы «ХХ ғасырдағы Жамбыл облысы аймғындағы темір жол тарихы», орталықтың кіші ғылыми қызмткері, тарих магистрі Дүйсенова Динара Насырқызы «Жамбыл облысындағы химия өндірісі: даму бағыттары мен аймақтық маңызы» атты ғылыми баяндамаларын жасады.
Семинар барысында қатысушылар ХХ ғасырдағы Жамбыл облысы тарихының аз зерттелген тұстарын нақты архивтік деректермен зерделеу, аймақтық тарихи үрдістердің жаңаша интерпретациясын ұсыну және ғылыми ынтымақтастықты арттыру жөнінде ұсыныстар білдірді. Іс-шараның соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, алдағы уақытта архивтік зерттеулерді кеңейту және ғылыми мақалаларын басылымдарға жариялау жоспарланды.



22 Қаз 2025
59 