Басты бет / Жаңалықтар / Ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

Ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

2026 жылғы 6 ақпанда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан тарих мәселелеріне қатысты тұжырымдарына негізделген

«Тарих және бүгінгі заман: ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Аталған іс-шараны «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Семинардың мақсаты – қазіргі заман талаптары тұрғысынан отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы тарихи сананың маңызын айқындау.

Семинар жұмысы университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Құдретуллаева Рысгүл Орынбасарқызы алғы сөзімен ашылды. Жиынды орталық директоры, қауымдастырылған профессор, PhD Мақсұтова Альбина Әбенқызы модератор болды.

Іс-шара барысында елімізге белгілі ғалымдар мен сала мамандары мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы қазіргі Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне тоқталса, ф.ғ.д., профессор Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мемлекеттілік идеяларын ғылыми тұрғыда талдады.

Ғылыми семинардың мазмұнын арттырған маңызды баяндамалардың бірі – Алматы қаласынан арнайы келген Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Ермұханұлы Кабульдиновтың баяндамасы болды.

Ғалым «Қазақстан тарихының келелі мәселелері мен өңірлік тарих» тақырыбында сөз сөйлеп, жалпыұлттық тарих пен өңірлік зерттеулердің өзара байланысын, аймақтық тарихты зерделеудің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін ғылыми тұрғыда саралады. Академиктің баяндамасының барысында ұсыныстарын айтып кетті, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология институтының» орталығын ашу, бірігіп энциклопедия шығару, студентерге магистратураға және доктарантураға тәжірбие алмасуға шақырды, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, мазмұнды пікірталасқа ұласты.

Сондай-ақ, Алматы қаласынан келген Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шашаев Әуезхан Қадіржанұлы

«Қазақстандағы көші-қон мәселесі мен урбанизация жағдайындағы кіші қалалардың маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым өз сөзінде қазіргі демографиялық үдерістердің аймақтардың дамуына әсерін, кіші қалалардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени маңызын атап өтті.

Өңірлік тарих пен мәдени мұра мәселелері ,Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты

«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-сінің директоры Қалиев Сауран Қалиұлы

археологиялық ескерткіштерді сақтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтіп, тас мүсіндерді қорғау және консервациялау мәселелеріне тоқталды.

Тараз қаласы мемлекеттік архивінің директоры Серікбаев Нұрхат Тірібосынұлы ,архив деректері мен цифрландырудың тарихи зерттеулердегі жаңа мүмкіндіктерін баяндады.

Ал «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының кіші қызметкері,магистры  Қамбар Гүлмарал Үшкемпірқызы,

тарихи-мәдени ескерткіштер арқылы Ежелгі Тараз өркениетін танытудың жолдарын көрсетті.

Сонымен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты Тобажанов Рахат Тобажанұлы

Жамбыл өңіріндегі кейбір топонимдердің пайда болу ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда талдады.

Қорытындылай келе Семинар соңында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қою рәсімі ұйымдастырылып, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Құдретуллаева Рысгүл Орынбасарқызы  келген қонақтарға Алғыс хат беріп марапатады және М.Х.Дулатидің бейнесі бейнеленген кілемше табысталды.

Аталған ғылыми-тәжірибелік семинар ұлттық тарихты терең зерделеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған маңызды ғылыми алаң болды.