Басты бет / Жаңалықтар / «Таста жазылған тарих: петроглифтердің құпия әлемі» атты ғылыми кездесу өтті

«Таста жазылған тарих: петроглифтердің құпия әлемі» атты ғылыми кездесу өтті

2026 жылғы 11 наурыз күні Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ ұйымдастыруымен «Таста жазылған тарих: петроглифтердің құпия әлемі» атты ғылыми кездесу өтті. Іс-шараға ғалымдар, жоғары оқу орнының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер және студенттер қатысты.

Кездесуді Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы Қалиев ашып, қатысушыларға алғы сөз айтып, өңірдегі тарихи мұраларды зерттеу мен қорғаудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара барысында бірқатар ғалымдар мен зерттеушілер баяндама жасап, Жамбыл өңіріндегі петроглифтердің тарихи және ғылыми маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, археолог Сағынбай Серікбайұлы Мұрғабаев «Қаратау жотасының петроглифтері (Сауысқандық, Арпаөзен, Қойбағар)» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі жартас суреттерінің археологиялық ерекшеліктерін таныстырды.

Сонымен қатар «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы Альбина Әбенқызы Максутова «Жамбыл өңіріндегі петроглифтер: тарихи мұра және зерттеу мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, петроглифтердің тарихи дерек ретіндегі құндылығы мен оларды ғылыми тұрғыдан зерттеудің өзекті мәселелеріне тоқталды.

Тараз өңірлік университетінің Тарих кафедрасының оқытушысы, тарих магистрі Рита Темірбекқызы Сентаева «Петроглифтер – ежелгі өркениет мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, жартас суреттерінің мәдени-рухани маңызын атап өтті.

Іс-шараға жас зерттеушілер де белсенді қатысты. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің тарих мамандығының 1 курс студенті Сапаралина Аймира «Ежелгі таңбалар тілі: петроглифтердің тарихи маңызы» тақырыбында баяндама жасаса, 3 курс студенті Нұрымова Гүлнұр «Таста таңбаланған тарих: Жамбыл облысындағы петроглифтердің маңызы» атты тақырыпта ой қозғады.

Сонымен қатар «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Самбетова Гаухар Тешебайқызы да сөз сөйлеп, тарихи мұраларды зерттеу мен насихаттаудағы ғылыми орталықтың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.

Іс-шара соңында тарих ғылымдарының магистрі, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының маманы Ескендірбек Санжарұлы Төрбеков қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс хаттар білдірді. Шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, естелік суретке түсті.

Бұл ғылыми кездесу Жамбыл өңіріндегі петроглифтерді зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау бағытындағы маңызды шаралардың бірі болды.