Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай рухани танымдық іс-шара өтті
Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай Шоқан Уәлиханов атындағы кітапханада тағылымды мәдени-рухани іс-шара өтті. Аталған шараның негізгі мақсаты – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бай әдеби мұрасын насихаттау, оның шығармашылығы арқылы ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу.
Іс-шара барысында Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Кітапхана қорындағы Жамбыл Жабаевқа арналған кітаптар мен мерзімді басылымдардан арнайы көрме ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Шараға белгілі қоғам қайраткері, ғалым «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы, Жамбыл Жабаевтың тарихи тұлғасы, ел руханиятындағы маңызы жөнінде құнды ой-пікірлерімен бөлісті. Ол өз сөзінде Жамбыл поэзиясының бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Кеш барысында қатысушылар жыр алыбының өлеңдерін оқып, ән-жырларынан үзінділер орындады. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, студенттер, кітапхана оқырмандары мен әдебиетсүйер қауым қатысты.
Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған бұл тағылымды жиын көрермендерге рухани серпіліс беріп, ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылықты арттыра түсті.





20 янв 2026
151 