Главная / Новости / «Абай мұрасы – жастар тәрбиесінің негізі» атты ашық дәріс өтті

«Абай мұрасы – жастар тәрбиесінің негізі» атты ашық дәріс өтті

«Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен, Тараз қаласында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Абай мұрасы – жастар тәрбиесінің негізі» атты ашық дәріс өткізілді. Іс-шараны «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Мақсұтова Альбина Әбенқызы жүргізді. Дәріске университет студенттері қатысып, қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы мен оның жастар тәрбиесіндегі маңызы туралы мазмұнды ақпарат алды.

Дәріс барысында Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі адамгершілік, білімге ұмтылу, еңбекқорлық, әділеттілік сияқты құндылықтардың бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, Абай ілімінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі, ұлттық сана мен рухани жаңғырудағы маңызы туралы айтылды.

Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Бегаділұлы Абдуалы қатысып, Абай мұрасының қазақ қоғамындағы орны мен тарихи-рухани маңызы туралы өз ойларымен бөлісті. Ғалым Абай шығармаларының бүгінгі жастар үшін тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор екенін атап өтті.

Мақсұтова Альбина Әбенқызы өз сөзінде Абай мұрасы – тек әдеби немесе философиялық мұра ғана емес, ол жастарды білімге, парасаттылыққа және елге қызмет етуге жетелейтін рухани бағдар екенін айтты.

Қортындылай келе «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Самбетова Гаухар Тешебайқызы іс- шараға қатысушы студентерге Абай шығармаларын терең оқып-үйрену арқылы жастардың дүниетанымы кеңейіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметі арта түсетінін жеткізді.

Іс-шара барысында студенттер өз пікірлерін білдіріп, Абай мұрасы туралы ойларымен бөлісті. Ашық дәріс мазмұнды пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар үшін танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор кездесу болды.

Аталған іс-шара жастар арасында ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.